Туберкулез – бұл туберкулез микобактериялары (МБТ) тудыратын әлеуметтік тәуелді жұқпалы ауру және зақымдалған тіндерде ерекше гранулемалардың пайда болуымен және клиникалық белгілердің полиморфизмімен сипатталады.
Туберкулез эпидемиологиясын білу жеке адамның ауру жұқтырған сәтінен бастап жазылғанға дейін немесе қайтыс болғанға дейін туберкулез патогенезіне негізделген осы ауруға қарсы күрес жөніндегі Ұлттық бағдарламаны ойдағыдай енгізудің негізі болып табылады.
Қазақстан Республикасында туберкулезге қарсы күрес ҚР Денсаулық сақтау министрлігі қызметінің басым бағыты болып табылады және стратегиялық мақсаты болып отыр.
Инфекцияның негізгі қоздырғышы – туберкулезбен ауыратын науқас адам, ол қоршаған ортаға қоздырғыштарды бөледі. Әдетте, бұлар – өкпе туберкулезімен ауыратын науқастар, олардың қақырығында туберкулез микобактериясы болады. Бактерияларды тұрақты көп бөлетін науқастар эпидемиологиялық тұрғыдан өте қауіпті. Жеке гигиена ережелерін сақтамайтын мұндай науқастың біреуі бір жылда 10-12 адамға дейін ауру жұқтыруы мүмкін. Бактерияларды тұрақсыз аз бөлген кезде туберкулезбен ауырған науқаспен тығыз қарым-қатынас жасаған жағдайда ғана ауру жұғады. Көптеген жағдайда туберкулез ауа-тамшы арқылы, одан кейін ауадағы тозаң арқылы және алиментарлық жолмен де ауру жұғады. Жүкті әйелдер туберкулезбен ауырған кезде жатыр ішіндегі ұрықтың 100-ге жуық ауру жұқтыру жағдайы сипатталған.
Туберкулездің «спецификалық профилактикасы» деген ұғым туберкулезге қарсы екпе жүргізуді, яғни БЦЖ вакцинасымен (туберкулезге қарсы вакцина) белсенді иммундауды білдіреді.
Туберкулезге қарсы вакцинациялау әлемнің көптеген елдерінде туберкулездің белсенді спецификалық профилактикасы ретінде танылған әдіс ретінде қолданылады. Дүниежүзінің БЦЖ вакцинасын салудағы 70 жылдан астам тәжірибесі туберкулездің спецификалық профилактикасының тиісті деңгейде жүргізілуі:
- екпе препаратының сапасына;
- препаратты дозалау дәлдігіне;
- екпе салу сапасына байланысты екенін көрсетеді.
БЦЖ вакцинасы тері ішіне салуға арналған, лиофильді кептірілген БЦЖ вакциналық штамының тірі әлсіретілген патогенді емес туберкулез микобактерияларының (МБТ) препаратынан тұрады. БЦЖ вакцинасы әлі күнге дейін бүкіл әлемде негізгі вакциналық препарат ретінде танылады.
Вакцина кептірілген кеуекті ақ ұнтақ массасы немесе ақ/ақ сары түсті таблетка түрінде болады. Вакцинаға стандартты – мөлдір, түссіз, бөгде қоспалары жоқ еріткіш қоса беріледі. БЦЖ вакцинасы тірі топқа жататындығын ескере отырып, оны ерекше жағдайда – тоңазытқышта +5…+8С температурада қараңғы жерде немесе арнайы құрғақ қараңғы үй-жайда сақтау керек. Сақтау ережелерін бұзу вакцинадағы тіршілік етуге қабілетті дарақтардың азаюына, демек оның белсенділігінің төмендеуіне әкеледі.
Бақылау жасау вакцинациялаудан кейінгі аллергияның қарқындылығы тіршілікке қабілетті микобактериялардың санына және екпе дозасына байланысты екенін көрсетті. Отандық препаратта есептеу кезінде тіршілік етуге қабілетті МБТ-ның оңтайлы болуы 10-12 млн/мг деп санаған жөн, бұл егу дозасында-0,05 мг-да 500 000-600 000 БЦЖ құрайды.
Вакцина 1 мг-дық ампулада шығарылады, бұл 20 дозаны құрайды. Балалар үшін ампулада қоса берілетін 0,1 мл изотоникалық ерітіндіде 0,05 мг БЦЖ бірыңғай дозасы белгіленген. Араластырылған вакцина бірден немесе араластырылғаннан кейін 2-3 сағат ішінде стерильділікті қатаң сақтаған жағдайда және ерітіндіні жарықтан қорғаған жағдайда қолданылуы тиіс.
Вакцинациялауды жаңа туған дені сау, ай-күні жеткен сәбилерге өмірінің 1-4 күнінде және шала туған сәбилерге олардың дене салмағы 2,0 кг-ға жеткен кезде педиатрдың қарап-тексеруінен кейін, баланың ауру тарихында вакцинациялауға рұқсатты ресімдей отырып, баланың анасы қасында болғанда және жазбаша келісім беруі арқылы жүргізеді.
Босандыру ұйымдарының медицина қызметкерлері жүкті және босанған әйелдерге жаңа туған балаға вакцинациялау жүргізу қажеттілігі туралы айтып түсіндіргені маңызды.
Жансая Талғатқызы, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы